Жент

Жент қазақтың ұлттық тағамы. Сірә бізден басқа ешбір ел жасамайтын болса керек, тіпті Қазақтардың ішінде де кеңге таралмаған, бірі білсе бірі білмес.
Бала күнімде есімде жентті апам ауызашарға дайындап жататын. Ал қазір бұл тағам біздің үйдің дастарханынан үзілмейді, мамамның жентін сағынатындығымыз соншалық, шет елге де асырып жатамыз, ешбір кедендік бақылаудан қорықпастан 🙂

 

 

  • 0,5 кг тары талқаны
  • 0,5 кг шекер
  • 300 гр. қара мейіз
  • 300 гр. ерітілген сары май

Жоғарыдағылардың барлығын жақсылап араластырып, дайын болған жентті суық жерге қоямыз. Жент қатқан соң кесіп-кесіп, дастарханға қойып, жей беруіңізге болады.
Қара мейіз үйде таусылып қалған соң сары мейіз қосқан едік суретте көрінбей қалыпты 🙂

Advertisements

Наурыз көже

Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекемізбен баршаңызды құттықтаймын!!! Жаңа Жыл от басымызға жақсылық, дастарханымызға құт-береке алып келсін!!!

koje.jpg

  • 1 кг. ет
  • қазы-қарта қалауыңызша
  • 100 гр. бидай
  • 100 гр. күріш
  • 100 гр. жарма (перловка)
  • 100 гр. тары
  • тұз
  • 3 л.су
  • 1 л. айран

Қазанға су құйып, ет, қазы-қартаны салып, қайнатамыз. Алғаш қайнағанда сорпаның көбігін алуды ұмытпаңыз. 1,5-2 сағаттай қайнатып, етті сүзіп алыңыз. Енді дәндерді жақсылап жуып, бірінші бидайды салып, 5 минут қайнатамыз. Екінші, перловканы және күрішті саламыз. 5 минут қайнаған соң, тарыны салыңыз. Талғамыңызға қарай тұздаңыз. Дәндер пісіп болды-ау дегенде оттан түсіріп, салқын жерге қойыңыз.
Қазаннан түсірілген еттерді ұсақтап тураңыз. Енді еттерді және айранды сорпаға араластырамыз. 

Мен қазы-қартаны көжеге араластырмаймын, тек сорпа дәмді болсын деп қосамын. Қазы-қарта бөлек желінеді. Айранды қолдан ұйытып қосқаныңыз абзал, қолдың айранымен наурыз көже өте дәмді болады. Сондай-ақ, айранды көбірек қосып, наурыз көжені қоюлау жасағанды ұнатамыз.