Наурыз 24, 2008
· Жинақталған: Сорпалар, Қазақ тағамдары
Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекемізбен баршаңызды құттықтаймын!!! Жаңа Жыл от басымызға жақсылық, дастарханымызға құт-береке алып келсін!!!

- 1 кг. ет
- қазы-қарта қалауыңызша
- 100 гр. бидай
- 100 гр. күріш
- 100 гр. жарма (перловка)
- 100 гр. тары
- тұз
- 3 л.су
- 1 л. айран
Қазанға су құйып, ет, қазы-қартаны салып, қайнатамыз. Алғаш қайнағанда сорпаның көбігін алуды ұмытпаңыз. 1,5-2 сағаттай қайнатып, етті сүзіп алыңыз. Енді дәндерді жақсылап жуып, бірінші бидайды салып, 5 минут қайнатамыз. Екінші, перловканы және күрішті саламыз. 5 минут қайнаған соң, тарыны салыңыз. Талғамыңызға қарай тұздаңыз. Дәндер пісіп болды-ау дегенде оттан түсіріп, салқын жерге қойыңыз.
Қазаннан түсірілген еттерді ұсақтап тураңыз. Енді еттерді және айранды сорпаға араластырамыз.
Мен қазы-қартаны көжеге араластырмаймын, тек сорпа дәмді болсын деп қосамын. Қазы-қарта бөлек желінеді. Айранды қолдан ұйытып қосқаныңыз абзал, қолдың айранымен наурыз көже өте дәмді болады. Сондай-ақ, айранды көбірек қосып, наурыз көжені қоюлау жасағанды ұнатамыз.
Қаңтар 31, 2008
· Жинақталған: Сорпалар


- 1 тал пияз
- 200 гр. ким-чи салаты
- 200 гр. ай құлақ (clams)
- 300 гр. балық. (сүйегі жоқ болу керек)
- 100 гр. шаян (shrimp)
- жусай
- 2 ас қасық зейтүн майы
- тұз
- 1л.су
Корей асханасының тағы бір ерекшелігі: тағамдары жылдам әзірленетіндігімен және минералға бай су жәндіктерімен жасалатындығы.
Бұл сорпа бар-жоғы 20 минуттың ішінде әзір болады.
Қыздырылған зейтүн майына ірілеу туралған пиязды жақсылап қуырамыз. Пияз қуырылып дайын болған кезде ким-чи салатын салып, 1 минуттай ғана қуырып аламыз да, қазанға су құямыз. Қазан қайнаған кезде балықты турап саламыз, ай құлақтарды да бірге салып, 15 минут қайнатамыз. Дайын болды-ау деген кезде жусайды салып, тағы 5 минуттай қайнатамыз, татымына қарай тұз саламыз.
Сорпамыз дайын, қасына міндетті түрде бір шыны піскен күріш қоясыз. Себебі, Корей елінің сорпаларын күрішсіз ішуге болмайды. Күрішті алдын-ала бөлек пісіріп алуыңыз қажет. Күрішті сорпаға салып ішесіз немесе ким жапырақтарына орап жейсіз.
Астарыңыз дәмді болсын!
Қараша 25, 2007
· Жинақталған: Сорпалар
- 150 гр. саңырауқұлақ
- 3 стақан су
- 1 стақан айран
- 4 ас қасық ұн
- жарты шәй қасық тұз
- 1 тал сарымсақ
- 3 ас қасық сары май
- кішкене қара бұрыш
Қайнаған суға ұсақталып туралған саңырауқұлақтарды салып 25-30 минут қайнатамыз. Бөлек ыдысқа айран менен ұнды миксерлейміз. Осы қоспаны саңырауқұлақ сорпасына араластырып, отты азайтамыз. Тұз және үгітілген сарымсақты қосып, тағы 10 минут қайнатамыз. Тағам әзір болды-ау дегенде сары майды саламыз.
Сорпаны ыстықтай ішкен дәмді. Ас болсын!